АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Станцияда түнде электр қуатының кернеуі төмендеген. Алдағы уақытта жылумен жабдықтау параметрлері тұрақталады деп күтілетіні хабарланды.
"Кеше түнде кей жерлерде екпіні 30 м/с-тан асатын дауылды желдің салдарынан Екібастұз ЖЭО кернеусіз қалды. ГРЭС-1-ден қуат алатын негізгі және резервтік қосалқы станциялардың тоқтап қалуына байланысты станцияны электрмен қамту бұзылды. ЖЭО-ның негізгі жабдықтары электр энергиясы есебінен жұмыс істейтіндіктен, станциядағы қазандықтарды мәжбүрлі түрде өшіру қажет болды", - деп жазылған "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС хабарламасында.
Дегенмен таңғы сағат 5.15-те жылу электр орталығын электрмен жабдықтау қалпына келтірілді, станция жұмысын қайта бастады. Алдағы сағаттарда жылумен қамту көрсеткіштері тұрақталады, деп сендірді компаниядағылар.
Осы жағдайға қатысты еліміздің энергетика министрлігі де түсініктеме берді. Ведомство хабарлағандай, Екібастұз ЖЭО-да 7 қазандық жұмыс істеп тұр, 14 қазандық қыздырылып жатыр. 11-ші және 15-ші қазандықтар қосылуға дайындық үстінде.