АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Қазақстан заңнамасы акциздік таңбаны алкоголь бар ыдыстарды ашқан кезде бүлінетіндей етіп жапсыруды талап етеді. Бірақ қаңылтыр банкілерде бұл талапты орындау мүмкін емес, деп мәлімдеді мемлекеттік кірістер комитетіндегілер.
"Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 2-тармағына сәйкес күші 12%-дан аз төмен градусты алкоголь өнімін қаңылтыр ыдыстардағы айналымына рұқсат етілгенімен, Салық кодексінің 172-бабының екінші тармағы барлық алкоголь өнімдерінің акциздік таңбалары болуын талап етеді.
Бұл талап құйылмалы шарап пен сыраға қатысты емес, деп түсіндірді ведомстводағылар.
"Қаңылтыр ыдыстар үшін ыдыстың қақпағына есепке алу-бақылау таңбаларын орналастыру талабын орындау мүмкін емес. Өйткені тұтынушылық ыдысты ашқан кезде есепке алу-бақылау таңбасының тұтастығын бұзу туралы талапты орындау мүмкін емес", - деп түсіндірді ведомстводағылар.
Комитетте түсіндіргендей, бұл талаптар есепке алу-бақылау таңбасын қайта пайдаланудың алдын алу үшін белгіленді.
Сондықтан ведомстводағылар акциздік таңбаны қаңылтыр банкінің қақпағына жапсырудан бас тартып, оны бүйір шетіне орналастыру туралы шешім қабылдады. Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес, таңба "ақпаратты оқуға арналған құрылғының штрих-кодтық ақпаратты анықтауын және оны сәйкестендіруін" қамтамасыз ететіндей етіп орналастырылуы тиіс.
Өзгерістер 2023 жылғы 14 қарашада енгізілді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 24 қарашада қолданысқа енгізіледі.