АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Отанында құмар ойын бизнесінде қылмыс жасады деп айыпталған қазақстандық әйел Германиядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Қазақстанның Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
"Бас прокуратураның, Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері сыртқы істер министрлігі мен Қазақстандағы Интерполдың көмегімен Olimp.kz букмекерлік кеңсесінің қызметімен байланысты қылмыстық топқа қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Д. есімді Қазақстан азаматын Германия Федеративтік Республикасынан экстрадициялады", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Әйел адам 2014-2019 жылдары қылмыстық топтың құрамында болып, заңсыз ойын бизнесіне қатысқан, салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарған, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған ақша мен мүлікті жымқырған деген күдікке ілінген.
"Заңсыз әрекеттер салдарынан мемлекетке 86,7 миллиард теңгеден астам (186,6 миллион доллар) залал келтірілді, Д. есімді азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оған халықаралық іздеу жарияланды", - деп жазылған хабарламада. Осы жылдың мамыр айында әйел Германияда ұсталды.
"Қазір күдікті Астана қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жасады деген күдікке ілінген қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған", - деп хабарлады Бас прокуратурадағылар.
Германияның құзырлы органдарымен тығыз ынтымақтастықтың арқасында күдіктіні экстрадициялау мүмкін болды. Сондай-ақ Германиямен экстрадициялау туралы келісімнің жоқтығына қарамастан, биыл бұл елден кісі өлтірді және есірткі саудасына қатысы бар деген күдікті тағы екі адам Қазақстанға экстрадицияланды.
Өз кезегінде бопсалау және зорлау қылмысы бойынша іздеуде жүрген екі адам неміс тарапына экстрадицияланды.