Жыл сайын 20 мыңнан астам нәресте шала туады

Кейінгі 10 жылда сәби өлімінің көрсеткіші 63%-ке 13,6-дан 7,68-ге дейін төмендеді
Sputnik
АЛМАТЫ, 17 қараша – Sputnik. Қазақстанда жыл сайын 20 мыңнан астам нәресте 36 аптада немесе салмағы 2500 грамға жетпей шала туады, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Әлемде жыл сайын 15 миллион бала шала туады. Соның 20 мыңнан астамы – қазақстандық нәрестелер.
"2008 жылдан бастап біздің еліміз 500 грамнан төмен салмақпен жаңа туған нәрестелерге күтім жасай бастады. Барлық нәрестенің 0,4 проценті 500-999 гр болып туады. Ал 0,6%-нің салмағы 1000-1500 гр шамасында болады ", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Мұндай нәрестелерге күтім жасау процесі күрделі. Мерзімінен бұрын босанудың себептері әр түрлі – анасының жас ерекшелігі, экстрагениталдық патология және инфекциялар, аборттар, стресс факторлары және экстремалдық мінез-құлық, генетикалық факторлар, дұрыс тамақтанбау, жаман әдеттер.
Биыл алғаш рет әрбір жаңа туған нәрестенің өмірін сақтауға бағытталған неонаталдық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілді.
"Бағдарламалардың арқасында кейінгі 10 жылда сәби өлімінің көрсеткіші 63%-ке 13,6-дан 7,68-ге дейін, неонаталдық өлім 50%-ке, яғни 1000 тірі туғанға шаққанда 9,0-ден 4,5-ке дейін төмендеді. Бұл Орталық Азия елдерінің арасында ең төмен болып саналады", - дейді министрлік.
Қазіргі күні дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 12%-ке өсіп, шала туған нәрестелердің өлімі жалпы алғанда 2%-ке төмендеген.