Премьер-министр Каспийде паром кешендерін салуды тапсырды

Үкіметте өткен кеңесте көлік саласын дамыту мәселелері қаралды
Sputnik
АСТАНА, 17 қараша – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов 2024 жылдан бастап Каспий теңізінде паромдар құрылысын қолға алуды тапсырды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Бүгінгі кеңесте көлік саласын дамыту мәселелері қаралды. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, биыл реконструкциялау және жөндеу жұмыстарымен 10,7 мың шақырым жол қамтылған. Атап айтқанда, 5 жыл бұрынғы кейбір жобалар бойынша қозғалыс ашылды. Бұл – Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Атырау – Астрахань, Меркі – Бурылбайтал учаскелері. Оларды толық аяқтау 2024 жылға жоспарланған, оның ішінде биыл 856 шақырым жол пайдалануға берілді.
Осы орайда үкімет басшысы сапалы материалдарды пайдалану және көліктерді бақылау шараларын автоматтандыру қажеттігін ерекше атап өтті.
"Бейнебақылау жүйелері жол жамылғысының сақталуын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Біз жаңа жолдар салып жатырмыз, ал олардың үстімен ауыр жүк көліктері жүріп өтеді. Мұндай фактілер өңірлерде кездеседі: салмағы 40 тонналық және одан да көп көлік жүреді. Мұндай көлік бірнеше ай жүргеннен кейін жаңа жолдың саудасы бітеді. Өңірлер әкімдіктері осы мәселеге жіті назар аударуы қажет", — деді Әлихан Смайылов.
Бұдан бөлек, Қазақстанның көлік және транзиттік әлеуетін тежейтін барлық факторды алып тастау қажет.
"Саланың басты кедергілерінің бірі – шекарада және әуежайларда ұзаққа созылатын әкімшілік рәсімдер. Бізге осы мәселе бойынша да жұмыс істеу керек. Бүкіл Орта дәліз бойымен бір логистикалық тізбек құру үшін көршілес елдермен ақпараттық жүйелерді интеграциялау жөнінде келісіміміз бар", — деп атап көрсетті Смайылов.
Премьер-министр 2024 жылдан бастап Каспийде паромдар құрылысын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды, стратегиялық кірме жолдарының мәселелерін пысықтауды, Көлік және логистиканы дамыту институтын құру мәселесін қарастыруды, инфрақұрылымдық автомобиль жолдары және теміржол жобаларына және т.б. қажет жерлерді резервте ұстауды қамтамасыз етуді тапсырды.