Алматыда жолаушылар автобусы жанып кетті

Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ
Sputnik
АЛМАТЫ, 17 қараша - Sputnik. Алматыда электр сымдарының қысқа тұйықталуынан жолаушылар автобусы жанып кетті, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға 17 қараша сағат 16:29-да болған.
"Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Іле ауданы Байсерке ауылында жолаушылар автобусының жанғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу Алматы облысы ТЖД қызметкерлері жіберілді", - дейді ведомстводағылар.
Өрт жарты сағатта толықтай сөндірілген. Абырой болғанда құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД 3 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылған.