Өңірлер

Солтүстік Қазақстанда шенеуніктер 4,3 млрд теңгені негізсіз жұмсамақ болған

Әкімдіктердің кінәлі лауазымды тұлғалары әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Sputnik
АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары бюджет қаражатының жұмсалуына талдау жүргізу барысында мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жүйелі бұзу фактілерін анықтады. Әкімдіктің лауазымды тұлғалары 4,3 млрд теңгені негізсіз жұмсамақ болған.
СҚО прокуратурасының ақпаратынша, қалалық құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғалары "Мемлекеттік сатып алу және сәулет, қала құрылысы саласы туралы" заңдардың талаптарын бұза отыра, сомасы 2,5 млрд теңгеге көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алуды жер учаскесіне құқықты анықтайтын құжаттарсыз жүргізген.
Бұдан бөлек облыс әкімдігінің лауазымды тұлғалары Бюджеттік кодекстің талаптарына қарамастан ешқандай негізсіз ғимарат сатып алу үшін 1,1 млрд теңге бөлген. Осыдан кейін "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның талаптарын бұза отыра, осы бюджет қаражатына әлеуетті жеткізушілер үшін негізсіз шектеулермен ашық конкурс арқылы сатып алу жүргізген.
"Қадағалау органының актілері бойынша жоғарыда аталған сатып алудың күші жойылды. Жергілікті атқарушы органдардың кінәлі лауазымды тұлғалары әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - делінген хабарламада.
Прокуратура ақпаратынша, осы салада жыл басынан бері қадағалау органының актілері бойынша жергілікті атқарушы органдардың 59 лауазымды тұлғасы әртүрлі жауапқа тартылды, 19 мемлекеттік сатып алу бұзылды, нәтижесінде 4,3 млрд теңге бюджет қаржысын негізсіз жұмсауға жол берілмеді.
Өңірлер
Ақтөбе облысында 2,6 млрд теңге бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған – прокуратура