АЛМАТЫ, 16 қараша – Sputnik. Қостанайдың №2 сотында зейнеткерлерді алдап, ақшасын алып кеткен студенттің ісі майшаммен қаралып жатыр, деп хабарлайды Alau.kz.
Зейнеткерлердің ең үлкені – 94 жаста. Алаяқтар үй телефонына хабарласып, туыстарының апатқа ұшырағаны туралы түрлі ақпараттар айтып, ақшаларын алып кеткен.
"Бейтаныс әйел біресе немересі, біресе қызы болып хабарласып, өздерінің апатқа ұшырағаны туралы айтқан. Содан кейін ер адам телефонды алып, өзін полиция қызметкері, тергеуші және т.б. деп таныстырған. Бұл іске бір емес, бірнеше адамның қатысы бар", - деді судья Сатыбалды Оразбай.
Бірақ, қазір бір ғана айыпталушы Қостанай университеттерінің бірінің екінші курс студентінен ғана жауап алынып жатыр. Ол – Федоров ауданының тумасы. Жас жігіт психодиспансер мен наркологияда есепте тұрмайды, оқудан бос уақытында күзетші болып жұмыс істейді. Жалпы сотталушы туралы ешбір жағымсыз пірік айтылмаған.
"Көршілер мен ауыл тұрғындарынан шағымдар түскен жоқ. Қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. Федоров ауданында тұрғылықты жері бойынша ешбір құқық бұзушылық жасамаған", - дейді мемлекеттік айыптаушы Дәурен Дербісов.
Студент зейнеткерлерге келіп, олардан ақша алғаны үшін айыпталып отыр. Жәбірленушілердің айтуынша, сеніп беріп жіберген ақшалары өте қомақты.
"Алаяқтық жолмен 2 миллион 60 мың теңге көлемінде ақшамды иемденіп кетті. Сол арқылы маған материалдық залал келтірген бейтаныс адамды жауапқа тартуды сұраймын", - дейді зейнеткерлердің бірі.
Студент іс материалдарына сәйкес, зейнеткерлердің ақшасының тек пайызын ғана алып, көп бөлігін тапсырыс берген адамдарға аударған.
Қылмыстық кодекске сәйкес, мұндай қылмыс жасағандар төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 14 миллион айыппұл төлейді немесе төрт жылға бас бостандығынан айырылады.