АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов тестілеу жұмыстарына жекеменшік компаниялардың араласуына тыйым салуды сұрады. Ол барлық тестілеу жұмыстарын Ұлттық тестілеу орталығына қайтару қажет деп санайды.
Зайытовтың айтуынша, 2019 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу және педагогтардың біліктілігін тестілеу "тест жүйелерін жетілдіру" деген желеумен U-Study секілді жеке компанияларға келісімшарт арқылы берілген.
"Бәлкім, бұл келісімнің ар жағында шынымен жақсы ниет болған шығар, алайда бүгін біз бұл тәжірибенің өте сәтсіз болғанын көріп отырмыз. Осы сәтсіздіктің салдарын тағы да қарапайым халық тартып отыр", - деді мәжілісмен вице-премьер Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында.
Дәлірек айтқанда, келісім жасалғаннан бері ҰБТ тапсыру бағасы 2 240 теңгеден 5 640 теңгеге, яғни екі есеге өскен. Өңірлерде 114 ҰБТ өткізу пункті жабылып, тест тапсырушыларға қосымша жол мен жатын орын шығынын алып келді.
"Мысалы, тест тапсыру ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік пен қуаныш. Олар баласын қолдап, барын салып орталыққа баруға мәжбүр. Өйткені тестілеу пунктері алыстап кетті. Онсыз да табысынан шығыны көп халыққа бұл тағы бір салмақ болып отыр", - дейді Зайытов.
Сондай-ақ депутат жекеменшік компаниялардың мемлекетке келтірген зиянына тоқталды.
"Біріншісі, 2019 жылы Ұлттық тестілеу орталығының шотынан 46 млн теңгеден астам қаражат "U-FUTURE" компаниясына бағдарламаны қамтамасыз ету үшін тікелей бір көзден берілген. Алайда біздегі ақпарат бойынша қаражатқа сай бағдарламалық қызмет көрсетілмеген. Екіншісі, 15 жыл бойы сараптамадан өткен, мыңдаған оқытушының еңбегімен жасалған, кемінде жүздеген миллион теңге тұратын Ұлттық тестілеу орталығына тиесілі 21 мыңға жуық тест сұрағы мен тапсырмасы өтеусіз негізде "U-FUTURE" ұйымына тегін берілген. Ал фирма осы тест тапсырмаларын пайдалана отырып, педагогтер үшін ақылы сынақ тестілеуін өткізіп отыр", - дейді ол.
Үшіншіден, Зайытовтың айтуынша, тест сұрақтары мен тапсырмаларының қауіпсіздігі, яғни құпиялылығы сақталмай отыр. Оған да негіз жоқ емес.
"Бізге келіп түскен ақпараттар бойынша, кейбір өңірлерде 3 млн теңгеге дейін пара алып, серіктестік өкілдері талапкерлерге жоғары балл жинауға көмектеседі дейді. Құрметті Тамара Қасымқызы, осының барлығын көріп-біле тұра сіздер неге нақты әрекет жасамайсыздар?! Белгілі бір топтардың қалтасын халық толтырып, уәкілетті органдар олардың зиянды істеріне жол ашып отырғанынан хабардарсыздар ма?! ҰБТ деген – Ұлттық біріңғай тестілеу ме әлде ұлттың болашағын тоздыру ма?" - дейді Зайытов.
Осыған байланысты депутат барлық тестілеу жұмысын Ұлттық тестілеу орталығына тез арада қайта беру мәселесін қарастыру қажет деп санайды.
Зайытов "мемлекеттік мекемелер көрсете алатын қызметтерге көлденең көк аттылардың араласуына тыйым салуды" сұрады.