АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Астанада лауазымды шенеуніктің не үшін ұсталғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ведомствоның ресми өкілі Арман Тілеукеновтың айтуынша, отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы тендерді бір кәсіпкерге бергісі келген. Сол үшін коттедж беруді талап етіпті.
"Ол Астанада кәріз тазарту жұмыстарын атқаратын компанияны анықтау және бір көзден алу тәсілімен шарт жасасу кезінде кәсіпкердің мүддесін қорғағаны үшін қала сыртындағы үй түрінде ірі көлемде пара алды деп айыпталып отыр. Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды", - деді Тілеукенов бүгінгі брифингте.
Айта кетері, 13 қарашада Астана қалалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақовтың ұсталғаны туралы ақпарат шыққан.