АСТАНА, 14 қараша – Sputnik. Қазақстан мен Қырғызстан Жамбыл облысының суармалы жеріне су беру туралы келісімге келді. Бішкекте өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша Талас өзеніндегі "Түйте" каналы арқылы су беруді қалпына келтіру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды су ресурстары және ирригация министрлігі.
Бішкекте Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қырғыз Республикасының ауыл шаруашылық министрі Асқарбек Жәнібековпен кездесті.
"Өздеріңіз білетіндей, биыл Жамбыл облысының шаруалары Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде суармалы су тапшылығын сезінді. Сондықтан осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін қырғыз әріптестерімізбен бірге Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде келесі вегетациялық кезеңді дұрыс жоспарлау бойынша жұмысты алдын ала жасау өте маңызды", – деді Нұржігітов.
Кездесу барысында Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі бірлескен комиссияға тиісті тапсырма берілді.
Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов елімізге су жіберуді жақсарту үшін мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысандарының тізбесін кеңейту қажеттігін атап өтті. Мәселен, қазақстандық тарап осы тізбеге Күркіресу өзеніндегі құрылыстарымен "Ақмолда", "Қаратақы" және "Төментамға" арналарын, Шу өзеніндегі "Колос" каналын және Талас өзеніндегі құрылыстарымен бірге "Кож" каналын енгізуді ұсынады.
Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі бірлескен комиссияның келесі отырысы 14 желтоқсанда Алматы қаласында өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өзбекстандық әріптестерімен кездесуде 1 сәуірге дейін Түркістан және Қызылорда облыстарына 11,1 текше шақырым су, оның ішінде Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберу туралы келісімге келген болатын.