АЛМАТЫ, 14 қараша – Sputnik. Қазақстанда миллионнан астам оқушы бір уақытта ұлттық ойындар ойнайды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің мәліметінше, челлендж 17 қарашада өтеді. Оқушылар "Бес табан" және "Бес асық" ойындарын ойнайды.
Челлендждің мақсаты — білім алушыларды рухани-адамгершілік, эстетикалық, патриоттық бағытта тәрбиелеу, мәдени құндылықтарды сақтау және ұлттық ойындарды дәріптеу.
"Ұлттық ойындар, шабыттандыратын ғажайып сайыстар денсаулықтың ғана емес, өмір үйлесімділігінің кепілі. Мәселен, асық ойнау баланың жүйке-бұлшықет жүйесін шынықтырады, дүниетанымын кеңейтеді, оның шапшаң қимылдауына әсер етеді, сондай-ақ көру қабілетін жақсартады", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Челленджге миллионнан астам оқушы қатысады деп жоспарланған.