Кәсіподақтар федерациясы кеншілердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды

Бұл идеяны ұсынғандар ЕАЭО елдерінің, атап айтқанда, Ресейдің тәжірибесін мысалға келтірді
Sputnik
АЛМАТЫ, 14 қараша - Sputnik. Қазақстан кәсіподақтар федерациясы парламент мәжілісіне кеншілердің құқықтарын қорғау жөнінде ұсыныстар енгізді, деп хабарлады федерацияның баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, ауыр және зиянды еңбек жағдайында бар жер астында жұмыс істейтін ер адамдар үшін зейнет жасын 50-ге дейін, ал әйелдер үшін – 45 жасқа дейін төмендету ұсынылды.
"Мұндай тәсілдің пайдасы бар екеніне Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің тәжірибесі куә. Мысалы, Ресейде кеншілер (бірінші тізім бойынша), ер адамдар 50 жасында, ал әйелдер 45 жасында зейнетке шығады", — делінген хабарламада.
Федерацияның айтуынша, қазіргі уақытта жерасты жұмыстарында 8 мыңға жуық адам еңбек етеді. Оның 1,5 мыңы 50 жасқа толған.
Сонымен қатар олардың арнайы кәсіби мемлекеттік төлем мөлшерін қазіргі 2 күнкөріс деңгейінен 10 күнкөріс деңгейіне дейін арттыру ұсынылды.
Көмір шахталарындағы жерасты жұмыстарымен айналысатын қызметкерлер үшін бес күндік жұмыс аптасы кезінде ауысымдарда жұмыс уақытын қысқарту ұсынылды:
жұмысшылар үшін - 6 сағат (аптасына 30 сағат);
тау шеберлері үшін - 7 сағат (аптасына 35 сағат).
Жалпы, заңнамалық деңгейде "жерасты жұмыстары" деген жаңа ұғымды енгізу ұсынылды. Оған метрополитенді пайдалану жөніндегі жұмыстарды қоспағанда, пайдалы қазбаларды жерасты тәсілімен өндіру жұмыстары, жерасты құрылыстарын салу, пайдалану жөніндегі жұмыстарды және көрсетілген құрылыстарда (құрылысы ашық тәсілмен жүзеге асырылатын жерасты құрылыстарынан басқа) авариялық-құтқару жұмыстары кіруі керек.