Алматыны айналып өтетін теміржол құрылысы басталды

Жаңа жол Алматы торабындағы жүктемені 40% төмендетеді және жүкті жеткізу уақытын 24 сағатқа дейін қысқартады
Sputnik
АСТАНА, 14 қараша – Sputnik. Алматы облысында Алматы станциясын айналып өтетін теміржол құрылысы басталды, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
Теміржол төсемінің бірінші буынын төсеу рәсіміне премьер-министр Әлихан Смайылов қатысты.
"Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы өсіп келе жатқан теміржол жүк тасымалы 2022 жылы 23 млн тоннаға жетіп, тарихи максимумнан асты. 2023 жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 22% өсті. Халықаралық маршруттардың қиылысында орналасқан Алматы теміржол торабына шамадан тыс жүк түсіп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Жобаны іске асыру Алматы станциясын айналып өтіп, Жетіген – Қазыбек бек жаңа теміржолына жүк ағынын қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Жаңа тармақ Алматы торабындағы жүктемені 40% төмендетеді және жүкті жеткізу уақытын 24 сағатқа дейін қысқартады.
Құрылыс барысында 130 км темір жол тартылса, оның ішінде негізгі жол 77 км құрайды, 3 бөлек пункт, 13 көпір, 5 темір жол және 1 автомобиль өткелі салынады. Ол үшін отандық өндірушілерден шамамен 228 мың бірлік шпал, 16 мың тонна рельс сатып алынады.
Магистраль құрылысы шамамен 1400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.