АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Таразда мектепке террористердің шабуыл жасағаны туралы жалған хабар берген баланың әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның ата-анасы қатаң жазаға тартылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
11 жастағы бала әзілдеймін деп, әпкесінің телефонынан полицияға лаңкестердің мектепке шабуыл жасағаны туралы хабарлаған. Қоңырау түскен бойда барлық шұғыл қызмет сол мектепке барып, 750 адамды эвакуациялады.
Полиция қызметкерлері бүкіл ғимаратты және оған іргелес аумақты толық тексерді. Бірақ ешқандай заттар мен бөгде адамдар анықталған жоқ. Ал жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары бұрын осы мектепте оқыған кәмелетке толмаған баланы ұстады.
"Қылмыстық кодекстің 273-бабы "Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл ретте терроризм актісі туралы жалған хабарламалар таратқаны үшін жаза өте қатаң екенін ескертеміз, бұл 5 000 айлық есептік көрсеткішке (17 250 000 теңгеге) дейінгі айыппұл немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылған", - деді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек бүгінгі брифингте.
Ал қылмысты кәмелетке толмаған бала жасаса, жауапкершілік оның ата-анасына немесе заңды өкіліне жүктеледі.