Қоғам

Қытаймен шекарадағы "Бақты" өткізу бекетінде адамдарды өткізу уақытша тоқтатылды

Комитет реконструкциялау кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ екенін атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Абай облысында қазақ-қытай шекарасындағы "Бақты" өткізу пунктінде адамдарды өткізу уақытша тоқтатылды. Бекетте реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті.
Ведомство ақпаратынша, қазір мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін жаңғырту және техникалық жете жарақтандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның ішінде Абай облысындағы "Бақты" өткізу пункті де бар.
"Бақты" өткізу пунктінде қазіргі уақытта шекарадан өту келісілген уақытша технология бойынша жүзеге асырылады. Сәйкесінше, реконструкциялау кезеңінде бақылау жүргізу барысында жеке тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ. Екі тарап азаматтарының қауіпсіздігі мақсатында 2023 жылғы 10 қарашадан бастап реконструкциялау кезеңінде Абай облысының "Бақты (ҚР) – Покиту (ҚХР)" өткізу пунктінде жеке тұлғаларды өткізу уақытша тоқтатылды", - делінген хабарламада.
Комитет атап өткендей, Шығыс Қазақстан облысының "Майқапшағай (ҚР) – Зимунай (ҚХР)", Жетісу облысының "Алакөл (ҚР) – Алашанькоу (ҚХР)", "Нұр жолы (ҚР) – Қорғас (ҚХР)", Алматы облысының "Қалжат (ҚР) – Дулаты (ҚХР)" өткізу бекеттерінде жеке тұлғаларды өткізу штатты режимде жүріп жатыр.
Осыған байланысты мемлекеттік кірістер комитеті азаматтардан сапарын алдын-ала жоспарлауды сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Қытай арасында 2023 жылғы 10 қарашадан бастап жеке, іскерлік және емдеу мақсатында екі тараптың азаматтары үшін 30 күн (туристік) мерзімге визасыз режим енгізілген.
Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим бүгіннен бастап күшіне енді