Құс атқан Шымкент тұрғыны үш жылға сотталуы мүмкін

Sputnik
АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген құстарды заңсыз атқан Шымкент тұрғыны ұсталды. Оған қатысты қылмысты іс қозғалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері "Охотзоопром" инспекторларымен бірге "Шымкент - Самара" тас жолында Audi 100 көлігін тоқтатқан. Жүксалғышын тексергенде екі жараланған ителгі мен жеті қарабауыр бұлдырық табылған.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 339-бабы, 1-бөлігі (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ал жабайы құстар Шымкенттегі мемлекеттік хайуанаттар бағына тапсырылды.
Айта кетері, осы қылмыс үшін 3 000 айлық есептік көрсеткішке (10 350 000 теңгеге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, я болмаса, 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген арқарды сойып алған жігіт ұсталды