АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Қазақстанның 40 азаматы және олардың төрт отбасы мүшесі Газа секторынан эвакуацияланады. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгін 44 азаматтан тұратын бірінші топты эвакуациялау жоспарланған. Бұл топқа Қазақстанның 40 азаматы және олардың төрт шетелдік отбасы мүшесі кіреді", - деді Смадияров апта сайынғы брифингте.
Оның айтуынша, Қазақстаннан басқа эвакуация жасап жатқан 9 ел бар: Марокко, Иордания, Ресей, Испания, Швеция, Перу, Нидерланды, АҚШ және Ұлыбритания. Барлығы Рафак өткізу бекеті арқылы 594 адамды өткізу жоспарланған.
"Эвакуация Газа секторы мен Мысыр арасында орналасқан "Рафак" өткізу пункті арқылы жүзеге асырылады. Өткізу бекетінен өткеннен кейін қазақстандықтар автокөлікпен Каирге жеткізіліп, қонақ үйге жайғасады. Содан кейін Қазақстанға жеткізіледі", - деп түсіндірді СІМ ресми өкілі.
Ол қазір қазақстандық дипломаттар Каирден Рафак пунктіне жолға шығып, жақын арада жететінін атап өтті.
"Жеткеннен кейін Мысыр, Палестина, Газа секторы билігімен бірлесіп, тізімдерін қайта тексеріп, 44 азаматымызды Газа секторынан шығаруға барлық күш жігерін салады. Бүгін күн батқанша бұл іс бітеді деп жоспарлап отырмыз", - деді Смадияров.