АЛМАТЫ, 12 қараша - Sputnik. Қазақстандық киноөнердің қарыштап дамуына мықты сценаристердің жоқтығы кедергі. Кино саласындағы артықшылар мен кемшіліктер туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне осы саланы зерттеп жүрген мамандар айтты.
Қазақстанда сериал индустриясы жақсы деңгейге көтеріліп келе жатыр
Жалпы киносыншылар мен киноблогерлердің пікірінше, отандық киноның жағдайы бұрынғыға қарағанда көші ілгері.
"Қазіргі таңдағы отандық киноның жағдайы өте жақсы деуге болады. Жыл сайын түсіріліп жатқан фильмдердің саны да, онымен қоса сапасы да артып келеді. Бір ғана жанр - комедияға тоқтап қалмай, әртүрлі жанрдағы туындылар шығып жатыр. Жеке компаниялар да, мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдер де қаптап кетті", - дейді киноблогер Жанкелді Өмірәлиев.
Жанкелді Өмірәлиевтің айтуынша, бір ғана Kinopark-тің өзі екі аптада бір жаңа фильм шығарып жатыр.
"Әрине олардың бәрі комедия, бесеуінің төртеуінде Рамазан Амантай ойнайды және сапасы да аса сын көтермейді. Бірақ ең бастысы процесс үздіксіз жүріп жатыр. Бұл киноиндустрия үшін өте маңызды", - дейді киноблогер.
Қазақстанда сериал индустриясы жақсы деңгейге көтеріліп келе жатыр. Телеарналарды айтпағанда, Salem Social media-ның жобалары кеңінен тарауда. Көпшілік көрермен сол Salem-нің туындыларын Ютубтан көріп келе жатыр. Олар барлық тақырыпта ашық айта алады және сонысымен көрерменді қызықтырады. Ең өзекті деген мәселелерге байланысты түсіреді. Әрине, олардың мазмұны көп сұрақтар туғызғанымен, сапасы жағынан мін жоқ десе де болады. Бұл – кино саласын зерттеп жүрген киноблогердің пікірі.
"Біздегі әттеген-ай сол болып тұр ғой – бізде қазір тамаша режиссерлер, операторлар, композиторлар, актерлер, суретшілер бар. Тек мықты сценаристер жоқ. Енді сол сценарий жағынан деңгейді көтерсек әлемдік нарыққа шыға аламыз деп ойлаймын.
Соңғы тың жаңалықтарға келсек – "Жаным, ты не поверишь" фильмін батыстың атақты HBO каналы сатып алды. Бұл – өте керемет жаңалық. "Міржақып. Оян қазақтың" прокаты. Ондай дүрлігуді бұл фильмнен ешкім күтпеді, ал ол болса көрерменге жол таба білді. Негізі прокаттан 1 миллиардқа жуық қаражат жинап алды. Бұл – тамаша көрсеткіш", - дейді киноблогер Жанкелді Өмірәлиев.
Соңғы жылдары әншілер мен шоу-бизнес өкілдері кино түсіріп жүр…
Ал танымал кинотанушы, киносыншы Дана Әмірбекованың пікірінше, қазақ киносы үш бағытта дамып жатыр.
Олар: киноны өнер ретінде қарастыратын арт-хаус, киноны табыс көзіне айналдырған коммерциялық және мемлекеттің тапсырысымен түсірілетін идеологиялық фильмдер. Соңғысына көрермен қауымды өткен заманмен қауыштыратын тарихи-биографиялық және ұлтымыздың рухын көтеруге бағытталған патриоттық фильмдерді жатқызамыз.
"Арт-хаус бағытындағы туындыларымыз әлемнің үздік кинобәйгелерінде жүлделі орындар алып, қазақ киносы арқылы ұлтымыздың ділін, дінін, өмір сүру салтын, жалпы қазақ ұлтының дүниетанымын әлемге танытып жүр. Мысал ретінде Дәрежан Өмірбаевтың, Серік Апрымовтың, Әділхан Ержановтың, Эмир Байғазинниің, Шәрипа Оразбаева секілді авторлардың фильмдерін атай аламыз. Кино өнеріне енді ғана қадам басқан Әлішер Жәдігеров, Шұғыла Сержан, Айжан Қасымбек, Нұрбол Ерболұлы сынды жастардан күтетін үмітіміз зор", - дейді кинотанушы, киносыншы Дана Әмірбекова.
Киносыншының айтуынша, коммерциялық фильмдерде режиссерлерге қарағанда продюсерлердің есімдерін атаған жөн.
"Кинопродюсер ретінде есімдері қалыптасып қалғандардың қатарына Нұрлан Қоянбаев, Баян Алагөзова, Әсел Сәдуақасова және Нұртас Адамбайды жатқызуға болады. Олармен қатар соңғы жылдары жанрлық кино түсіруге бет бұрған әншілер мен шоу-бизнес өкілдері аз емес. Дегенмен, олардың басым көпшілігі бір-екі фильм түсірумен ғана шектеледі. Өкінішке қарай, коммерциялық фильмдеріміздің басым көпшілігі бәрімізге белгі бір ғана жанрда түсіріліп жатыр. Ол, әрине, комедия жанры. Онда да комедияның субжанры – отбасылық комедия", - дейді Дана Әмірбекова.
Киносыншының айтуынша, олардың сапасы Голливуд пен Болливудтың әбден жауыр болған сюжеттеріне құрылып, таптаурын шаблондарының әлсіз көшірмесі деңгейінде ғана деуге болады.
Комедия жанры тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде сұранысқа ие, өйткені ол – төмен, жеңіл жанр, дейді Дана Әмірбекова. Комедияны – ең арзан, ешқандай костюм, арнайы компьютерлік эффект, қиын түсірілімді қажет етпейтьін жанр. Әсіресе, онсыз да жұмыстан шаршап, жеке проблемаларымен қажып жүрген адамдар бір сәт болса да бәрін ұмытып, миларына салмақ түсірмейтін нәрсеге күліп, психологиялық тұрғыда рахаттанып қайтқылары келеді. Ал басқа жанрлар адамның жүрегін тебірентіп, ой-толғамдар тудырады. Өзіңнің шешілмеген проблемаларың тұрғанда тағы экран кейіпкерлерінің проблемасын ойлап қынжылу ешкімге керек емес, әрине. Көп жағдайда заманауи оқиға төңірегінде өрбитін сюжеттерден құрылатын комедиялық фильмдер арнайы тігілетін костюм, қымбат декорация, компьютерлік графиканы қажетсінбейді. Сол себепті экран арқылы табыс табуды көздеген продюсерлер үшін комедия – экономикалық тұрғыда ең тиімді жанр.
Киноиндустрия саласындағы мәселелер
Дәл осы пікірді киносыншы Дана Әмірбекова да айтады.
"Біздің фильмдеріміз техникалық тұрғыдан өзге мемлекеттерден кем емес. Киногерлеріміз дәл сол Голливуд пен Болливуд пайдаланатын құрылғыларды қолданады. Алайда кәсіби білікті сценаристтердің жоқтығы байқалады. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "Кинотеледраматугия" мамандығы оқытылады. Бірақ осы мамандықты оқып аяқтағандардың басым көпшілігі оқу бітірген соң әдебиет саласына немесе театрға бет бұрады. Сол себепті де біздің режиссерлеріміз бен продюсерлеріміз фильмдерге сценарийлерді өздері жазуға мәжбүр" - дейді киносыншы.
Киноиндустрия саласындағы екінші мәселе – идеяның тапшылығы.
"Кинотеатрларымызда көрсетіліп жатқан фильмдеріміздің басым көпшілігі Голливудтың танымал фильмдерінің сюжетін қайталаумен шектеліп жатыр. Онда да кәсіби тұрғыдан өте әлсіз орындалған көшірме деп айтар едім. Үшінші мәселе кинотетрларымыз мемлекеттің қаржысына түсірілген фильмдерді көрсетуге деген ниеттерінің жоқтығында. Ал Ұлттық киноны қолдау орталығы әр түрлі тақырыптарды қозғайтын, алуан түрлі жанрдағы фильмдерді түсіріп жатыр. Бірақ кинотеатрларымыз мемлекетке тиесілі болмағандықтан, өз фильмдерімізді өз көрермендерімізге көрсете алмай отырмыз", - дейді Дана Әмірбекова.
Прокат заңын қолға алу маңызды
Қазақ киносының дамуына мемлекет тарапынан жыл сайын қомақты қаржы бөлініп жатыр. Ұлттық киноны қолдау орталығының қаржыландыруымен түсірілген фильмдерді кинотеатрлардан көрсету үшін қандай шаралар қолдану қажет? Әмірбекова бұл сқраққа жауап берді.
"Біріншіден прокат заңын қолға алу маңызды. Кез келген фильмді прокатқа шығару үшін кинотеатрлармен келісім жасап, 1-2 жыл бұрын кезекте тұруыңыз тиіс. Ал прайм-тайм уақытын алу тіпті қиын. Батыстың фильмдері тұрғанда әрине, олардың қазақтың фильмін менсіне қояуы шамалы. Бұл жағдайды қалыпқа келтіру үшін ұлттық кинотуындыларымыздың көрсетілуін заң жүзінде міндеттеуіміз керек. Кино саласын дамытуға қателеспесем былтыр 5 млрд, биыл 3 млрд бөліп жатыр. Бірақ қаражат фильмдерді түсіруге ғана бөлінеді. Кино жарыққа шыққаннан кейін оның жарнамасына, дистрибуциясына бірде-бір тиын қарастырылмаған. Бұл – парадокс", - дейді кинотанушы әрі киносыншы Дана Әмірбекова.
Оңтүстік Корея кинотеатрларды корей киносын көрсетуге міндеттеді
Киносын ешкім көрмей қойған Оңтүстік Корея киносының тарихына үңілер болсақ, оларда да бізге ұқсас жағдай болған. Өз киноларын ешкім көрмеген. Бірақ олар заңмен жұмыс істеген.
"Кинотеатрларға жылына 365 күн бар болса, соның 103 күнінде экранда корей киносы ғана көрсетілуі тиіс деп міндеттеді. "Егер сендер біздің елде прокатпен айналысқыларың келсе, ендеше ұлттық киномызды көрсетіңдер" деп талап қойды. 103 күн – 365 күннің 30 проценті. Бұл үлкен жетістік, меніңше. Әбден өздерінің киносын көріп, еттері үйренген корей халқы батыстан келген киноларды менсінбеді", - дейді киносыншы.
Оңтүстік Кореяның киноиндустриясын тағы бір тың қырынан танытып, дүр сілкінткен "Паразиттер" фильмі. Көрерменнің бойына үрей де тудырған туынды.
"Оңтүстік Кореяда жанрлық түрлену бар. Кино саласындағы үлкен жетістігі ретінде "Паразиттер" фильмін атауға болады. Алты бірдей Оскарды Оңтүстік Кореяның фильмі иеленді. Ал Америка керісінше идеяны қазір Оңтүстік Корея фильмдерінен алады. Оңтүстік Кореяда дистрибуциямен айналысатын мамандар, арнайы компаниялар бар. Ал бізде жоқтың қасы. Олар біздің туындыларымызды шетелге шығарумен айналысатын еді. Біз осы мәселені қолға алуымыз тиіс", - дейді Дана Әмірбекова.
Өзіміздің ұлттық туындыларды көруге халық зәру. Алайда, заңның жоқтығынан және жарнаманың жетіспегенінен, дистрибьюцияның жоқтығынан осындай жағдайға ұшырап отырмыз, дейді киносыншы. Сондай-ақ оның айтуынша, отандық киногерлерге блогерлер де қолдау көрсету керек.
"Блогерлердің киногерлерден артықшылығы – олардың миллиондаған аудиториясы бар. Кей жағдайда қосымша қаржы қажет етпейді. Өздерінің парақшаларына бір пост жарияласа жеткілікті. Миллиондаған аудиториясы сол фильмді көруге барады", - дейді кинотанушы.