АСТАНА, 12 қараша – Sputnik. Қазақстан Мысыр билігін Газа секторындағы қазақстандықтарды эвакуациялауға үндеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Араб мемлекеттерінің лигасы мен Ислам ынтымақтастық ұйымының бірлескен саммитіне қатысып, Газа секторынан шыға алмай жатқан қазақстандықтарды тездетіп эвакуациялауға шақырды.
"Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, Мысырды және барлық тарапты Газа секторынан қарапайы халықты, соның ішінде Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға шақырамын", - деді Нұртілеу.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанның 150-ден астам азаматы Газа мен Мысыр шекарасындағы "Рафах" шекара бекетінен өте алмай жатыр.
Министр Қазақстанның осы қақтығысқа қатысты ұстанымын тағы бір мәрте жариялады. Палестиналықтар өз тағдырын шешуге құқылы, халықаралық тұрғыда мойындалған мемлекетті құруға да толық құқығы бар. Ал әлемдік қауымдастық екі жақты келіссөз жүргізуі тиіс. Соның нәтижесінде Таяу Шығыста ғана емес, әлем бойынша қауіпсіздік пен тұрақтылықты орнатуға болады.
7 қазанда ХАМАС Израильге зымырандармен шабуыл жасады. Ал сарбазбар оңтүстік аудандарға баса көктеп кірді, әскерилерге және бейбіт адамдарға оқ атты. Жүздеген адамды кепілге алды. Жергілікті биліктің мәліметіне сәйкес, 1,4 мыңнан астам адам қаза тапты. Олардың ішінде 300-ден астам әскери қызметші бар. Сол кезде 5 мың адам жарақат алды.
Израиль Газа секторын да зымыранмен атқылады. Одан кейін шекараға жақын аудандарды бақылауға алды. Газа секторына су, азық-түлік, электр энергиясын, дәрі-дәрмек пен отын жеткізу тоқтатылды.
Осы айдың басында Израиль армиясы Джебалия босқындар лагеріне соққы жасады. Бүгінде Газа секторында қаза тапқандар саны 9061-ге жетті, 32 мыңнан астам адам жараланды. Қазақстан гуманитарлық көмек ретінде Палестинаға 1 млн доллар аударды.
Соңғы мәліметке сәйкес, Газа секторында шамамен 10 мың адам қаза тапты. 20 мыңнан астам жарақат алды. Құрбандардың жартысынан көбі – әйелдер мен балалар. БҰҰ дабыл қағып отыр. Газа секторында екі миллионнан астам адамның жағдайы өте қиын, азық-түліктапшытапшы, су жоқ.