АСТАНА, 10 қараша — Sputnik. QazaqGaz Жамбыл облысында жаңа газ кен орнын іске қосты, деп хабарлайды "Самұрық Қазынаның" баспасөз қызметі.
Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында Анабай газ кен орны пайдалануға берілді.
Хабарламада "QazaqGaz барлау және өндіру" ЖШС кен орнын жабдықтап, үш бұрғыланған ұңғыманы қайта іске қосқаны, сондай-ақ Анабай-Жарқұм газ құбырын салғаны атап өтілген.
Жаңа Анабай кен орнында алынатын қор 4 млрд м3 құрайды. Бұл жобаға салынған инвестиция көлемі – 12 млрд теңге. Жоспарда кен орнын одан әрі бұрғылау бар.
2023 жылы газ өндіру көлеі 6,5 млн м3, ал 2028 жылы өндіру деңгейі 44 млн м3 болады деп күтілуде. Анабай кенішінен алынатын газ көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге жұмсалады.
Бұған дейін Придорожное кен орнында жобалау жұмыстары жүріп жатқаны хабарланған болатын. 2024 жылдың соңында кешенді газ тазарту қондырғысының құрылысы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарлануда. Бастапқы өндіріс көлемі 300 миллион текше метрге дейін ұлғайып, жылына 107 миллион текше метр газ беріледі. Придорожное мұнай-газ конденсаты кен орны Маңғыстау облысының Ералиев ауданында, Ақтау қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан. 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Өндіру көлемі 48 млн текше метр болатын Барханная кен орны 2026 жылы іске қосылады деп күтілуде.
Жаңаөзен газ өңдеу зауытын ресейлік "Петон" компаниясы салатыны да осыған дейін хабарланған болатын. Ол 140,5 млрд теңгеге тендерді ұтып алды. Газ өңдеу зауытын 2026 жылы іске қосу жоспарлануда.