АСТАНА, 10 қараша – Sputnik. Келесі жылы Air Astana әуе компаниясы Қытайдың Шанхай, Гуанчжоу және Чэнду қалаларына жаңа бағыттар ашады. Осылайша екі ел арасында рейстер саны артады, деп хабарлайды көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Бүгін, 10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енді.
"Осы ретте Қазақстанның көлік министрлігі отандық әуе компаниялармен бірлесіп жолаушылар тарапынан туындап отырған сұранысты қанағаттандыру мақсатында екі ел арасындағы рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр", - деп атап өтті ведомстводағылар.
Осылайша Air Astana жолаушылар ағынының артуына байланысты бірнеше бағыт бойынша рейстер санын ұлғайтуды жоспарлап отыр:
Алматы-Пекин бағытында – аптасына 6 рейстен 7 рейске дейін;
Астана-Пекин бағыты бойынша – аптасына 1 рейстен 3 рейске дейін;
Алматы-Үрімші бағытында – аптасына 2 рейстен 7 рейске дейін.
Сондай-ақ 2024 жылы Air Astana әуе компаниясы Шанхай, Гуанчжоу және Чэнду қалаларына жаңа бағыттар ашуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек қытайлық Air Logistics жүк әуе компаниясы қараша айынан бастап Алматы – Сиань бағыты бойынша жүк тасымалына арналған тұрақты рейстерді іске қоспақ.
Көлік министрлігінің ақпаратынша, қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында аптасына 27 рейс орындалады. Жалпы Қазақстан мен Қытайдың авиация билігі өкілдерінің арасындағы келісімге сәйкес, екі елдің әуе компанияларына аптасына 84 рейс орындауға рұқсат етілген.