Әшімбаев АЭС құрылысы туралы: халық қалай айтады, солай болады

Сенат спикері атом электр станциясының құрылысына қатысты шешімді халық референдум арқылы қабылдайтынын атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 10 қараша – Sputnik. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев атом электр станциясын салып-салмау туралы шешім референдум нәтижесі бойынша қабылданатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Спикердің айтуынша, жекелеген адамдардың халық АЭС-ке қарсы деп айтуға ешқандай құқығы жоқ.
"Мен де, сіз де, басқа да адамдар халық қарсы деп айтуға ешқандай құқығы жоқ. Халық қарсы ма, халық қолдай ма, ол республикалық референдум арқылы шешіледі. Уақытын үкімет анықтайды. Сол референдумда халық өзінің жауабын айтады. Бірақ сіз де, мен де шығып бүкіл халықтың атынан сөйлеуге құқығымыз жоқ", - деді Әшімбаев сенат кулуарында.
Спикер референдум алдында әртүрлі пікірдің айтылуына мүмкіндік жасалатынын, үкімет те, АЭС-ке қарсы адамдар да өз ұстанымын жария ететінін атап өтті.
"Оның барлығы дұрыс. Бірақ нақты соңғы шешімді халық референдумда қабылдайды. Сондықтан қазір референдум өтпей тұрып, халық қарсы, не жақтайды деп айта алмаймыз. Өйткені референдум өтуі керек, соның нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады. Бұл жерде халық қалай айтады, солай болатыны анық", - деп атап өтті Әшімбаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында атом электр станциясын салу мәселесін жалпыхалықтық референдумға шығаруды тапсырған еді.