Жақын арада Ақтауда Ресейдің бас консулдығы ашылады

Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань және Омбыда Қазақстанның бас консулдықтары жұмыс істеп тұр
Sputnik
АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Жуырда Ақтау қаласында Ресейдің бас консулдығы ашылады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент биыл Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қатынасы кеңейгенін атап өтті.
"Жаңа дипломатиялық құрылымдар құрылды. Биыл Ресей аумағында Қазақстан өкілдіктерінің желісі Екатеринбургте бас консулдықпен толықты. Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань және Омбыда Қазақстанның бас консулдықтары сәтті жұмыс істеп тұр. Жақын арада Ақтауда Ресейдің бас консулдығын ашу жоспарлануда", - деді Тоқаев Ақордада Путинмен өткен кездесу барысында.
Мемлекет басшысы Путин Қазақстанға ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңында келіп отырғанын атап өтті. Аталған шартқа Екатеринбургте 2013 жылы 11 қарашада қол қойылған болатын.
"Бұл - Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының маңызды негізі болып саналатын маңызды құжат. Қазақстан мен Ресей – одақтастар және стратегиялық серіктестер. Бізді достық, ортақ тарих пен рухани байланыс біріктіреді", - деді Қазақстан президенті.
Бүгін, 9 қарашада Ресей президенті Владимир Путин елімізге ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік әріптесін елорда әуежайында қарсы алды.
Президенттер Қостанайда басталған Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына бейнебайланыс режимінде қатысты.
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумы келесі жылы Уфада өтеді – Путин