АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Өзбекстан мен Қазақстан үкіметтері "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісім жасасты.
Құжатқа Өзбекстанның инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Құдіретов пен Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қол қойды. Бұл туралы бейсенбіде Өзбекстан инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігінің (МИПТ) баспасөз қызметі хабарлады.
"Ташкентте өтіп жатқан экономикалық ынтымақтастық ұйымының 16-шы саммиті аясында Қазақстан Республикасының үкіметі мен Өзбекстан Республикасының үкіметі арасында "Орталық Азия "халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімге қол қойылды", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Орталық халықаралық өткізу пункттері – өзбекстандық "Гүлстан" және қазақстандық "Атамекен" халықаралық өткізу бекеті аумағында салынады.