АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Қазақстан азық-түлік, тыңайтқыш және дақыл тұқымдары халықаралық санкциялық шектеулерге ілікпеуі керек деген позицияны ұстанады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің айтуынша, картоп пен қант қызылшасы сияқты негізгі дақылдар бойынша Қазақстандағы отандық селекцияның үлесі 10 пайызға жетпейді. Ол қалыптасқан жағдайды шұғыл реттеуге шақырды.
"Өсімдік шаруашылығында минералдық тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде қолданылмауы проблемаға айналды. Қазақстанда ғылыми негізделген қажеттіліктің 25 пайызы ғана, ал Ресейде іс жүзінде үш есе көп өтеледі. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының басым бөлігі бойынша Қазақстанның өнім алу көрсеткіші басқа жетекші аграрлық державаларға қарағанда әзірге айтарлықтай төмен", - деді Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында.
Президент Ресей – әлемде ең ірі органикалық тыңайтқыш экспорттайтын елдің бірі екенін атап өтті. Айтуынша, өнім өткізу нарығының өзгеруіне байланысты Қазақстандағы Ресей тыңайтқыштарының импорты айтарлықтай артты. Мұның салдары отандық кәсіпорындарға әсер етіп отыр.
"Біз ЕАЭО-ның ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелеспеуіміз керек деп санаймын. Біз бірлесе отырып, фермерлерімізге тыңайтқыштарды қолжетімді ету және сыртқы нарықтарға шығу жолдарын іздестіруіміз қажет. Қазақстан азық-түлік, тыңайтқыш және дақыл тұқымдары халықаралық санкциялық шектеулерге ілікпеуі керек деген позицияны ұстанады. Өйткені ол жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін қажет", – деді Қазақстан президенті.
Сондай-ақ Тоқаев машина жасау саласына тоқталды. Айтуынша, таяу арада Қазақстанның машина жасау саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шарасының бағыты кезең-кезеңмен өзгереді. Алдағы уақытта техниканы ірі бөлшектерден ғана емес, бірте-бірте ұсақ бөлшектен құрастыратын аралас өндіріске басымдық берілетінін жеткізді.
Бұл ретте президент еңбек өнімділігіне, импортталатын қосалқы бөлшектердің жергілікті өндірісін жолға қоюға және өнімді жұмыс орындарын ашуға баса мән беру маңызды екенін атап өтті.