АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қазақстандық ата-аналарды балаларын қызылшаға қарсы уақтылы вакцинациялауға шақырды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
"Әлемнің көптеген еліндегідей біздің еліміздегі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, бүгін немерем екеуміз қызылшаға қарсы екпе алу үшін қалалық емханаға келдік. Сонымен қатар Қазақстанда қыркүйек айында балалар ұзақ уақыт жабық үй-жайларда өткізетін мектепке барған кезде жағдай нашарлады", - деді министр бүгін Астана қаласының 9- емханасында.
Ол бұл инфекцияның әсіресе жұқпалы екенін, жөтелгенде, түшкіргенде ауа тамшылары арқылы тез берілетінін атап өтті.
"Сондықтан біз соңғы екі айда бұл аурудың күрт өскенін көріп отырмыз. 13 мыңнан астам адам ауырып қалды, оның 83%-ын негізінен 5 жасқа дейінгі балалар құрайды, егілмеген ересектер де бар", - деп жалғастырды Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Бұл жағдайда науқастардың 70%-ы егілмеген балалар. "Олардың көпшілігі, яғни 60%-ы вакцинациялаудан бас тартуға байланысты егілмегендер, медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты 18% егілмеген, 22% егу жасына жетпегендер. Бүгінгі таңда барлығы 2013 бала, оның ішінде 30 бала ауыр жағдайда емдеуге жатқызылды", - деді министр.
Ажар Ғинияттың айтуынша, қызылшамен ауырғандардың өсуіне байланысты қосымша иммундау жүргізу туралы шешім қабылданды. Ол қаңтар айының соңына дейін созылады, вакцина жеткілікті.
"Қызылшаға қарсы профилактикалық екпеалмаған балаларды егеміз. Баршаңызды аурудан сақтану үшін емханаға шақырамыз", - деді министр.
Денсаулық сақтау министрі инфекциялық аурудың салдары туралы ескертті.
"Қызылша пневмония, түрлі қабыну, отит секілді, соқырлыққа дейін қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін. Бүгінгі таңда қызылшаны емдеудің өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұндай қауіпті инфекциядан сақтанудың жалғыз жолы - тек вакцинациялау. Вакцинаның өзінен қорықпау керек, ол тексерілген, біз оны жыл сайын ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданамыз", - деп қорытындылады ведомство басшысы.
Вакцинациялау ережелеріне сәйкес иммундау педиатр баланы тексергеннен кейін ғана жүргізіледі, оған анамнез жинау, температураны өлшеу, егілетін адамның жағдайын бағалау кіреді, содан кейін егуге ақпараттандырылған келісімге қол қойылады. Әрі қарай, иммундаудан кейін 30 минуттың ішінде егілген нәресте дәрігерлердің бақылауында болады.
Биыл вакцинациялау халықтың мынадай топтарына: 6 айдан бастап 10 ай 29 күн болған балаларға, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күн болған балаларға, сондай-ақ бұрын егілмеген медицина қызметкерлеріне (55 жасқа дейін), профилактикалық егпе алмаған 18 жасқа дейінгі адамдарға жүргізіледі.