Бердібек Соқпақбаев пен Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланады

ЮНЕСКО Бас конференциясының 42-сессиясында Қазақстанның ұсынысы қолдау тапты
Sputnik
АСТАНА, 9 қараша - Sputnik. ЮНЕСКО Бас конференциясының 42-сессиясында ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне 2024 жылы жазушы Бердібек Соқпақбаевтың, 2025 жылы әйгілі композитор, күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын енгізу туралы Қазақстанның ұсынысы қолдау тапты. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты.
"Сессияда Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Түркіменстан мен Өзбекстанның "Диуани лұғат ат-түрк" атты түркі тілдерінің тұңғыш энциклопедиялық сөздігінің 950 жылдығын атап өту туралы бірлескен ұсынысы да қабылданды. Сөздікті Махмұд әл-Қашқари 1074 жылы жазған. ЮНЕСКО Бас конференциясының бұл шешімдері қазақ мәдениетінің дүниежүзінде дәріптелуіне септігін тигізері сөзсіз", – деп жазды ол.
ЮНЕСКО (United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization – UNESCO) – Біріккен Ұлттар Ұйымынның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы.