АЛМАТЫ, 9 қараша – Sputnik. Ақтауда мұз айдыны кешенінің құрылысы 10 жылдан бері бітпей тұр, деп хабарлады "Хабар 24".
Аймақ билігі спорт ғимаратын салған шетелдік компанияны сотқа берді. Мұз сарайын биыл пайдалануға беру жоспарланған. Айта кетері, ақтаулық коньки тебушілер мен хоккейшілер бұл спорт сарайын 10 жылдан бері күтіп жүр. Қазір спортшылар сауда кешеніндегі шағын мұз айдынында жаттығады.
Ал сауда кешеніндегі мұз айдынын сырғанаушылар жалға алады. Онымен қоймай шағын ғана мұз айдыны спортшыларға тарлық етеді, жаттығу өз деңгейінде жасалмайды.
"Біз қатты қиналамыз. Халықаралық жарыстарға барамыз, облысымыздың намысын қорғаймыз, Қазақстанның намысын қорғаймыз. Тиісінше, дайындықтың жетіспеушілігінен біз сағат жағынан да, алаң бойынша да жарыстарда ұтылып қаламыз. Сонымен қатар жалпы дене шынықтыру, хореографиялық сабақтарды өткізуге арналған қосымша бөлмелер де жоқ, яғни біз мұз айдындарын ылғи жалға аламыз", - дейді аға жаттықтырушы Алена Панкратова.
Ақтаудағы мұз стадионы қашан салынып бітеді деген сұраққа сол күйі жауап жоқ. Жоба жер учаскесі, сыбайлас жемқорлық, сот жанжалы мен пандемия төңірегіндегі дауларға байланысты тоқтап қалған. Ең негізгі себеп мердігермен жаңадан басталған сот дауы.
"2021 жылы құрылыстың қымбаттауына байланысты мердігер жобаға қосымша 270 млн теңге сұрады. Бірақ экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында сұраныс қолдау таппады. Біз жоба құнының 30% төледік. Мердігер жауапсыз болып шықты және ақшаны қайтармады. Билік сотқа талап арыз беруге мәжбүр болды. Процесс қараша айының ортасында өтуі керек", - дейді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш.