Ұлттық банк KÓKBÓRI инвестициялық монеталарын айналымға шығарады

Монеталарды шығарудағы негізгі мақсат – халыққа бағалы металдарға жинақ немесе инвестициялаудың балама құралын ұсыну
Sputnik
АЛМАТЫ, 8 қараша – Sputnik. Қазақстан Ұлттық банкі KÓKBÓRI инвестициялық монеталары айналымға шығарылатынын хабарлады.
Жаңа KÓKBÓRI инвестициялық монеталары – ALTYN BARYS және KÚMIS BARYS инвестициялық монеталарына Ұлттық банк жүргізген ребрендингтің нәтижесі. Монетада "Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері" сериясындағы монеталардың стилистикасы қолданылған.
KÓKBÓRI инвестициялық монеталары
Эксклюзивті дизайн KÓKBÓRI инвестициялық монеталарын тек инвестициялық тұрғыдан ғана емес, жинау және сыйға тарту үшін де пайдалануға болады.
Инвестициялық монеталар алғаш рет бірнеше нұсқада шығарылады:
proof сапада алтыннан дайындалған номиналдар – 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңгелік (қорғаныш элементтері, лимитті таралым, кәдесый орамасы);
uncirculated сапада алтыннан дайындалған номиналдар – 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңгелік;
uncirculated сапада күмістен дайындалған номиналдар – 1, 2, 5 және 10 теңгелік;
proof сапада күмістен дайындалған номиналдар – 1, 2, 5 және 10 теңгелік (қорғаныш элементтері, лимитті таралым, кәдесый орамасы).
"Рroof сападағы алтын және күміс монеталар интерференциялық кедергі жабыны мен жасырын кескін секілді қорғаныш элементтерін пайдалана отырып жасалған. Сондай-ақ uncirculated сападағы монеталардан айырмашылығы, бұл монеталар жеке ағаш қорапта, алтын монеталар үшін қара түсті және күміс монеталар үшін ақ түстермен шығарылады", - деп жазылған Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
KÓKBÓRI инвестициялық монеталары
Монеталарды шығарудағы негізгі мақсат – халыққа бағалы металдарға жинақ немесе инвестициялаудың балама құралын ұсыну.
Монеталардың ерекшеліктері:
ұзақмерзімді перспективада инвестициялық табыс табуға болады;
монеталарды сатып алу кезінде қосымша құн салығы болмайды;
бағалы металдың құрамы 99,99% құрайды (сынамасы 999,9).
Еске сала кетейік, барлық номиналдағы инвестициялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылданады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға және аударылуға, шектеусіз ұсақталуға және айырбасталуға тиіс.