Түркістан облысында таулы аймаққа заңсыз элиталық саяжайлар салынған

Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне қатысты 8 қылмыстық іс қозғалды
Sputnik
АЛМАТЫ, 8 қараша - Sputnik. Түркістан облысында таулы аймақтарда 270 жер учаскесі элиталық саяжай құрылысына заңсыз берілген, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

"Сонымен қатар бұл өңірде азаматтарға жалған құжаттар ұсыну арқылы 26 жер учаскесін рәсімдегені және 28 жер учаскесінің орны заңсыз өзгертілгені анықталды", - дейді прокуратура.

Жергілікті атқарушы органдар Түркістан қаласы, Сарыағаш, Сайрам, Төлеби және Түлкібас аудандарындағы 200 ауыл шаруашылық жерлерін негізсіз тұрғын үй құрылысы және демалыс аймақтарына айналдырған.
"Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне қатысты билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану және алаяқтық фактілері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды", - дейді ведомство.
Бұдан бөлек прокурорлардың ұсынысы негізінде мемлекеттік органдар 400-ден астам жерді мемлекет меншігіне қайтару процесін бастады.