АЛМАТЫ, 7 қараша - Sputnik. Анкарада Қазақстанның Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов түрік әріптесі Яшар Гүлермен келіссөз жүргізіп, бірқатар кездесу өткізді. Нәтижесінде Түркия мен Қазақстан арасындағы 2024 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойылды, деп хабарлады қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Хабарламада қазіргі уақытта екі елдің қорғаныс ведомстволары арасында әскери ғылым, білім беру, жауынгерлік даярлық саласында өзара іс-қимыл жолға қойылғаны айтылған.
Сондай-ақ Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы ІІМ жандармерия бас қолбасшысы армия генералы Ариф Четинмен және Түркия Республикасы қорғаныс өнеркәсібі басқармасының басшысы Халук Гергюнмен кездесті.
Бұл күндері Түркияда республиканың құрылғанына жүз жыл толуына орай іс-шаралар өтіп жатыр. "Аныткабыр" мемориалдық кешенінде қазақстандық делегация басшысы Ататүрік ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Жақсылықов құрлық әскерлерінің әскери училищесінде оқып жүрген қазақстандық курсанттармен де кездесті.
Сонымен қатар Қазақстан делегациясы авиациялық техника мен ұшқышсыз ұшатын аппараттар шығаратын Turkish Aerospace Industries – TUSAŞ Aerospace Industries Біріккен компаниясына барды.
Бұған дейін Қазақстан мен Түркия өзара айналымды 10 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті екендігі айтылған болатын. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 6,3 миллиард долларға жетті, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен бір жарым есе көп.
Сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді, Қазақстанда түрік капиталы бар 4 300-ден астам компания жұмыс істейді.