АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әнші Әли Оқаповтың әлеуметтік желідегі сыннан кейін "Құрмет" орденін қайтарамын деген мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Балаева әншімен жеке сөйлескен.
"Ол кісі шығармашылық адамы болғаннан кейін, эмоционалды тұрғыда қабылдаған. Ол маған: "Аида Ғалымқызы, шынымен де барлығы жан-жақтан талағаннан кейін, біріншіден, менің еңбегім емес, мені анаммен салыстырып жатқаннан кейін оған шыдай алмадым" деді. Сондықтан қазір ондай сұрақ жоқ. Барлығы дұрыс", - деді мәдениет министрі мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.
"Яғни, "Құрмет" ордені әншіде қалады ғой?" деп нақтылаған сұраққа:
"Иә, өзінде қалады", - деп жауап берді Балаева.
Министр жалпы мемлекеттік марапаттарды қайтаруға болмайтынын атап өтті.
"Бұл дұрыс емес. Әли Оқапов әлеуметтік желідегі пікірлерді жүрегіне жақын қабылдаған. Бір қызығы, бізде қазір барлық мәселеге пікір білдіретін сарапшылар көбейіп кетті. Бұлай істеуге болмайды. Сол себепті біз Әли Оқаповпен сөйлестік", - деді ол.
Бұған дейін Роза Рымбаеваның ұлы әлеуметтік желідегі теріс пікірлерден кейін "Құрмет" орденінен бас тартқан болатын. Кейбіреулер оны тек туыстық байланысы үшін ғана марапат алды деп есептеген.