Жетісу облысында әкім жасөспірімді қағып кетті

14 жастағы жасөспірім оқиға орнында көз жұмды
Sputnik
АЛМАТЫ, 7 қараша – Sputnik. Жетісу облысында әкім қызметіндегі әйел жасөспірімді көлігімен қағып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2 қарашада болған.
"Hyundai Creta көлігі 14 жастағы жасөспірімді қағып кетті. Көлікті 39 жастағы әйел адам тізгіндеген. Өкінішке қарай жасөспірім оқиға орнында қайтыс болды", - дейді ведомство мамандары.
Жүргізуші Кербұлақ ауданы Көксу ауылдық округінің әкімі Әлия Бақтиярова екені белгілі болды. Жалғызбасты ана бес баланы тәрбиелеп отыр.
Қазіргі күні Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабы "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Көлік арнайы автотұраққа қойылды.
Куәгерлердің айтуынша, бір топ бала су шашып ойнап жүргенде біреуі жолға жүгіріп шыққан. Сол сәтте көлік қағып кеткен.