АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының меншік иесі ауысқаннан кейін жалақы мен штат қысқармайды. Бұл туралы президент тағайындаған компания басшысы Вадим Басин айтты, деп хабарлады Қарағанды облысының әкімдігі.
Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов, компания басшысы Вадим Басин, сондай-ақ шахта басшылары кеншілермен кездесу өткізді.
Бірінші кезекте кеншілерді компаниядағы алдағы өзгерістерге байланысты еңбек шарттары мен еңбекақы, әлеуметтік кепілдіктер толғандырып отыр.
"Ұжымдық шарттың барлық талабы инвестор кім болатынына қарамастан сол күйі қалады. Оның тармақтары еңбек жағдайын жақсарту, жетілдіру бағытында өзгеруі мүмкін. Қалай болғанда да, мұның бәрі кәсіподақтармен және еңбек ұжымдарымен бірге талқыланады", – деді Вадим Басин.
Оның айтуынша, компанияда жұмыс істейтіндердің еңбек жағдайының нашарлауына жол берілмейді. Мемлекет қауіпсіздік техникасы, уақтылы төлемдерді бақылайды.
Кеншілерге компаниядағы қазіргі жағдай туралы да айтылды.
"Өтпелі кезең еңбекақыға әсер етпейді", - деп сендірді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директоры Виктор Ғафиулов.
Еске сала кетейік, "АрселорМиттал Теміртау" меншік иесінің ауысуы қызметкерлер алдындағы міндеттемелерге әсер етпейтіні туралы осыған дейін де жоғары деңгейде мәлімделген болатын.
Осындай кездесулер компанияның барлық шахталарында өтеді.