Өңіраралық ынтымақтастықтың XIX форумына Ресейдің 17 субъектісі қатысады – елші

Бұл маңызды іс-шараға дәстүрлі түрде екі ел өңірлерінің өкілдері мен кәсіпкерлері қатысады
Sputnik
АЛМАТЫ, 7 қараша – Sputnik. 9 қарашада Қостанайда Ресей мен Қазақстан арасындағы XIX өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Осы орайда Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин іс-шараның нәтижелі әрі жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.
"Бұл маңызды іс-шара дәстүрлі түрде екі ел өңірлерінің өкілдері мен кәсіпкерлерін – ірі ойыншыларды да, шағын және орта бизнесті де біріктіреді. Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, Ресей мен Қазақстан президенттері форумға қатысушыларға бейнебайланыс арқылы үндеу жасайды - бұл уақытта Ресей президенті Владимир Путин Астанада ресми сапармен болады", - деп Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің ресми аккаунты Бородавкиннің сөзінен үзінді келтірді.
Форумда ресейлік делегацияны РФ үкімет басшысының орынбасары Алексей Оверчук басқарады. Іс-шараға Алтай өлкесінің губернаторы, Башқұртстан мен Қабардин-Балқар Республикасының басшылары қатысады. Барлығы Ресей Федерациясының 17 субъектісі қатысады.
"Осыған байланысты екіжақты тауар айналымының 70%-ға жуығы өңірлердің үлесіне тиетінін айта кеткен жөн, биыл бұл көрсеткіш 30 млрд долларға жақындап отыр. Біз өңірлер арасында да, екі елдің компаниялары арасында да жаңа келісімдерге, меморандумдар мен өзара тиімді келісімшарттарға қол қойылады деп үміттенеміз", - деді Ресей елшісі.
Ол бұл іс-шара бірлескен сауда-инвестициялық қызмет пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды, кеңірек айтқанда, Ресей мен Қазақстан арасындағы интеграциялық байланыстарды дамытуға серпін беретінін атап өтті.
Елші ресейлік қонақтарға қазақтың дәстүрлі қонақжайлылығы толықтай көрсетілетініне сенім білдірді. Қазір қостанайлықтар бұл іс-шараға қызу дайындық үстінде.