"Екі айдан аз уақыт қалды": министрлік жүргізушілерге ескерту жасады

Шетелдік автокөліктерді заңдастыру үшін осы жылдың 31 желтоқсанына дейін өтініш беріп үлгеру керек
Sputnik
АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Ішкі істер министрлігі шетелдік көліктерді заңдастыру науқанының аяқталуына екі айдан аз уақыт қалғанын ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Биыл 23 қаңтар мен 30 маусым аралығында Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруға өтінім қабылданған болатын. Барлығы 237 мыңнан астам шетелдік автокөлік заңдастырылды.
Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Алтынбек Жамалиевтің айтуынша, 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін заңдастыруға берілген өтінімдер осы жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана қаралады.
"Бүгінгі күні нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілуде. Яғни, шетелдік автокөліктерді заңдастыруға екі айдан аз уақыт қалды. Уақыттың шектеулі екенін ескере отырып, біз автокөлік иелерін заңдастыру процесін аяқтауға және көлік құралдарын тіркеуге шақырамыз", – дейді Жамалиев.