АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Қазақстанда "Яндекс.Такси" жүргізушілері платформалық жұмыспен қамту жобасына қатысып жатыр. Қазіргі кезде оған 500-ден астам жүргізуші тіркелді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әзірше пилоттық жоба Астана мен Алматы қалаларында жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұл бастаманың тиімді тұстарын жариялады:
таксопарктер делдалдық қызмет атқармайды, ол ақшаны үнемдеуге, салықтар мен әлеуметтік төлемдерге жіберуге мүмкіндік бар. Осылайша, көлік жүргізушісі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысады;
Яндекс платформасы арқылы салық органдарына бармай-ақ жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге болады;
нақты алынған табыстың 1 проценті көлемінде ғана салық төленеді;
есептілікті ұсыну және салық пен әлеуметтік төлемдерді есептеу бойынша міндеттемелер жоқ.
"Жүргізушілердің келісімімен салықты және әлеуметтік төлемдерді ұстау және аудару жұмысын Яндекс жүргізеді. Бұл ретте әлеуметтік төлем такси жүргізушінің алған табысының сомасына қарай айқындалады", - дейді комитет мамандары.
Алдағы уақытта Glovo, Wolt, InDrive және тағы басқа компанияларды пилоттық жобаға қосу жоспарланып отыр.