АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Азаматтық авиация комитеті польшалық LOT Polish Airlines әуе компаниясының Алматы қаласына рейстері шектелгені туралы ақпарат жалған екенін мәлімдеді.
"Әлеуметтік желілердегі польшалық "LOT Polish Airlines" әуе компаниясының Алматы әуежайына ұшуына шектеу қойылғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", - делінген хабарламада.
Комитет Алматы әуежайында "ашық аспан" режимі жұмыс істейтінін және шетелдік әуе компаниялар үшін рейстерді орындауға шектеу жоқ екенін атап өтті.
"LOT Polish Airlines" әуе компаниясынан Алматы әуежайына рейстерді орындауға сұраныс түскен жоқ", - дейді комитеттегілер.
LOT Polish Airlines әуе компаниясы Астанаға 2017 жылдан бастап ұшады. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Польша астаналары арасындағы рейстер аптасына 3 рет (дүйсенбі, сейсенбі, жұма) орындалады.