Кредит беру тәртібі қалай өзгереді

Мамандардың пікірінше, кредит беру кезінде тек ресми табыс көзі есепке алынса, адамдар артық кредит алмайды
Sputnik
АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Қазақстанда кредит беру тәртібі тағы өзгереді. Бұл жолы қарызға ақша алғысы келетін адамның табысына қатысты талапты күшейту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, тұтынушылық кредиттер бойынша бірқатар шектеу енгізіледі. Sputnik Қазақстан заң жобасының негізгі нормаларын ұсынады.

Халық өз табысын жасырмауы керек

Бүгінде депутаттардың бастамасымен арнайы заң жобасы әзірленді. Оған сәйкес, ресми табысын растамаған азаматтарға кредит беруге тыйым салынады. Осыған байланысты кредитке ақша алғысы келетін адамның төлем қабілеттілігін бағалау жүйесі қайта қаралады.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, табыс көздерінің коэффицентін есептеу тәртібін өзгерту керек. Ал кредит адамның ресми табысына сай болуы шарт.
"Қазіргі кезде барлық жеке тұлға бойынша кез келген қарызды (кепілсіз, тұтынушылық, ипотекалық, автокредит және тағы басқасын) алғанда ресми расталған табыстардың негізінде қарыз жүктемесінің коэффицентін есептеу ұсынылып отыр. Бұл қарыз алушыларға, оның ішінде 21 жасқа дейінгі жастардың борыштық жүктемесін төмендетуге, сондай-ақ ресми жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, мұның "сұр" экономиканың бір бөлігін төмендету және соның нәтижесінде ел бюджетіне салық түсімін арттыру сияқты мультипликативті экономикалық әсері болады", - деді Сүлейменов депутаттардың сауалына берген жауабында.
Оның айтуынша, кредит беру кезінде ресми табыс көзі ғана есепке алынса, адамдар артық кредит алмайды. Сондай-ақ жалақыны ресми түрде алуға тырысады. Себебі бүгінде өз табысын көрсетпей жүргендер баршылық.

Тағы қандай шектеулер болады

Заң жобасы аясында тағы бірнеше шектеу енгізіледі. Оған сәйкес, қарыз алушы адамға да, банктер мен микроқаржы ұйымдарына да нақты талаптар қойылады. Олар:
қайта құрылымдауды қоспағанда, банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың 90 күннен астам мерзім өткен берешегі болған кезде, оларға қандай болмасын қарыз беруге тыйым салу;
банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтардың қарыздары бойынша талап ету құқықтарын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салу;
90 күннен аса мерзімі өткеннен кейін сыйақы талап етуге салынатын тыйымды бұрын жасалған тұтынушылық қарыздарға қолдану;
әскерге шақырылған қарыз алушылар үшін сыйақы есептемей, қарызды өтеу мерзімін міндетті түрде кейінге қалдыруды енгізу;
кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу.
Қазіргі кезде халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр.

Әскерге барғандар кредит ала алмайды

Алдағы уақытта мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға кредит беруге тыйым салынады. Бұл да жаңа заңның нормасы. Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбековтың айтуынша, әскер қатарында жас сарбаздарды кредит алуға мәжбүрлеу фактілері баршылық. Оған заң жүзінде тосқауыл қою қажет.
"Біз мерзімді әскери қызметте жүрген сарбаздарға кредит беруге толығымен тыйым салуды көздейміз. Неге десеңіз, армияда бұрыннан бері қызмет атқарып жүргендердің тарапынан жас сарбаздарды кредит алуға мәжбүрлеу бар, ондай оқиғалар көп. Бұған тосқауыл қоюымыз қажет. Армия әскери қызметшілерді, әсіресе, жас сарбаздарды жан-жақты қамтамасыз етіп отыр деп ойлаймыз. Сондықтан кредит алудың қажеті жоқ", - дейді Стамбеков.
Оның айтуынша, мерзімді әскери қызметтен бөлек әскери қызметшілерге де кредит алуға тыйым салынуы мүмкін.
Ал қорғаныс министрлігі депутаттың сөзін жоққа шығарды. Шенділердің айтуынша, әскери бөлімде кредит алу мүмкін емес. Әлімжеттік сияқты әрекеттерге де тыйым салынған. Себебі бұрыннан бері қызмет атқарып жүргендер мен жас сарбаздар араласпайды, бір-бірінен бөлек жүреді. Дегенмен әскерге келетін жастардың атында кредит көп болады.
Ресми мәліметке сәйкес, шамамен 12 мың сарбаздың атында Қарулы күштердің қатарына келгенде 30 мың кредит болған. Қарыздың жалпы сомасы – 4,8 млрд теңге. Бүгінде ондай адамдарға "кредиттік каникул" беріледі, яғни, әскер қатарында жүргенде қарыз төлеудің қажеті жоқ. Ол үшін әскери комиссариаттан немесе әскери бөлімнен анықтама алып, банкке апарып беру керек.

Үкімет те тұтынушылық кредитті шектеуге мүдделі

2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша банктерде тұтынушылық кредиттердің жалпы көлемі 9,2 триллион теңгені құрады. Ал кейбір азаматтар төлем мерзімі өтіп кеткен қарызды жабу үшін тағы кредит алады. Оның проценті бұрынғысынан да жоғары болады. Осылайша, халықтың қарыз жүктемесі арта береді.
Бүгінде үкімет микроқаржы ұйымдарының шекті мөлшерлемесін, кредит сомасы мен мерзімін қайта қарау мәселесіне басымдық беріп отыр. Әсіресе "жалақыға дейін" берілетін қарыздарға қатысты талап күшейтіледі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 45 күнге және 50 АЕК (қазір 172 500 теңге) сомасына берілетін шағын кредитті толығымен алып тастауды ұсынып отыр.
Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бүгінде 297 мың адамның 37 млрд теңгеге проблемалық онлайн-микрокредиті бар.
"Мұндай онлайн-микрокредиттер немесе жалақыға дейінгі қарыз қашықтан беріледі. Көп жағдайда қарыз алушы тиісті деңгейде сәйкестендірілмейді, оның төлем қабілеттілігі бағаланбайды. Осыған байланысты агенттік 45 күнге дейін берілетін және сомасы 50 АЕК-тен аспайтын (2023 жылы – 172 500 теңге) шағын кредитті толығымен алып тастау туралы бастама көтерді", - дейді Әбілқасымова.
Ал тұтынушылық кредиттердің максималды сомасына заңнамалық деңгейде шектеу енгізу ұсынылып отыр.
Барлық түзету жыл соңына дейін қабылданады. Осылайша, келесі жылдан бастап кредиттерге қатысты шектеулер заңды күшіне енеді.

Кредит алған 12 адам өз-өзіне қол салды

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, биыл кредитпен қарызға батқан 12 қазақстандық суицид жасады.
Бұдан бөлек, берешегі бар тағы 40 азамат кредитті өтеуге қажетті ақшаны табу үшін түрлі қылмыс жасады. Біреулер қарақшылық шабуыл жасаса, енді біреулер тонау мен ұрлыққа барды. Енді барлығы заң бойынша жауап береді.
Ал заң бойынша кредитті төлей алмаған жағдайда қарызды кейінге шегеруге, я болмаса, берешекті төлеу кестесін өзгертуге болады. Ал алаяқтардан сақтану үшін онлайн режимде кредит алуға тыйым салу мүмкіндігі бар. Бұған дейін мәжіліс тағы бір заңды қабылдаған. Оған сәйкес, жеке тұлғалардың проблемалық микрокредиттерін кешірген микроқаржы ұйымдарының кірісіне үш жыл бойы салық салынбайды.