АЛМАТЫ, 6 қараша – Sputnik. 2023 жылы Tav Airports Holding компаниясы басқаратын және қызмет көрсететін Халықаралық Алматы әуежайында жолаушылар ағыны сегіз миллион адамға жетті, деп хабарлады көлік министрлігі.
Әуежай басшылығы бұл рекордтық жыл болды дейді.
2023 жылғы 6 қарашада сағат 14:30-да Халықаралық Алматы әуежайы өзінің 8 миллионыншы жолаушысын қарсы алды.
"Бұл оқиға әуежай үшін де, Алматы қаласы үшін де тарихи оқиға. Халықаралық Алматы әуежайының бүкіл тарихында алғаш рет жолаушылар ағыны 8 000 000 адамға жетті. 8 миллионыншы жолаушы Қайрат Манабаевқа Алматы әуежайы Грузияға екі адамға туристік сапарға сертификат сыйлады", - дейді ведомство.
TAV Airports Holding - бүкіл әлем бойынша әуежайларды басқару саласындағы жетекші компаниялардың бірі. Өзінің сервистік компаниялары арқылы 29 елдегі 108 әуежайда қызметтердің кең спектрін ұсынады.
"Алматы әуе айлағының өткізу қабілетін арттыру мақсатында жаңа Халықаралық жолаушылар терминалының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа терминалды салу кестесі ілгерілеп келеді және халықаралық Алматы әуежайының жаңа терминалын 2024 жылдың жазында аяқтау жоспарланған", - дейді министрлік.
Жаңа ғимараттың құрылысы борт көлеміне байланысты халықаралық терминалдың бір уақытта жеті ұшаққа дейін қабылдауына мүмкіндік береді. Әуежайдың жалпы өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін артады. Жаңа Халықаралық жолаушылар терминалының ауданы 53,500 м2. Дизайнға сәйкес құрылым қолданыстағы терминал ғимаратына жер үсті өткелі арқылы қосылады. Жаңа үй-жай жолаушыларға ғимараттың сыртына шықпай-ақ ішкі және халықаралық рейстерден ауысуға оңай қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Өткен жылы Халықаралық Алматы әуежайы жылына 2,7 млн адамға есептелген өткізу қабілеті кезінде 7,2 млн жолаушыны қабылдады.
Жаңа жолаушылар терминалы ашылған кезде әуежай әкімшілігі ескісін жаңартуды жоспарлап отыр. Осылайша, жаңа жолаушылар терминалы тек халықаралық рейстерге, ал қолданыстағы терминал ішкі рейстерге қызмет көрсетеді. Халықаралық Алматы әуежайын кеңейтудің арқасында жолаушылар терминалы мен жалпы мақсаттағы авиацияның жаңа ғимараттары салынады, сондай-ақ эстакада, орталық инженерлік қондырғы, әуеайлақ және вокзал маңы аумағы қайта жаңартылады.