АЛМАТЫ, 5 қараша - Sputnik. Қазақстанда бірқатар облыста қысқы мал азығын дайындау қарқыны төмен. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин төрағалық еткен жедел штаб отырысында айтылды.
Жалпы биылғы қысқа 24,6 млн тонна пішен, 1,4 млн тонна пішендеме, 1,8 млн тонна сүрлем, 4,2 млн тонна сабан және 4,5 млн тонна құрамажем дайындалды. Өткен жылы жиналған қорды қоса есептегенде жем-шөптің барлық түрі бойынша дайындалған мал азығының жалпы көлемі 39,9 млн тонна.
Павлодар облысындағы климаттық жағдайға байланысты қуаңшылықтың салдарынан шаруалар шабындыққа дер кезінде шыға алмаған. Сондықтан фермерлерге орманды алқаптағы және басқа да қорлардан шабындық жер беріп, қосымша дизель отыны бөлініп, 1,5 млн тонна шөп дайындалған.
"Ал Батыс Қазақстан облысында шөп дайындау қарқыны республикалық деңгейден төмен. Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында құнарланған азық жеткілікті деңгейде дайындалмаған", - дейді ведомство.
Биылғы 1 қыркүйектен 31-желтоқсанға дейін "Қазақстан Темір Жолы" Маңғыстау облысының фермерлеріне жем-шөп тасымалдау тарифін 80%-ке төмендеткен.
Алайда мал азығын дайындау өз деңгейіне жетпеген.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарының әкімдіктеріне жем-шөп дайындау барысын қатаң бақылауды міндеттеді. Бұдан бөлек вице-министр барлық облыс әкімдіктеріне дайындалған жем-шөпті мал қыстайтын орындарға және мал ұстап отырған ауыл тұрғындарына уақытылы жеткізуді тапсырды.