АЛМАТЫ, 5 қараша - Sputnik. Орталық Азияда БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын жеделдетіп іске асыратын өңірлік платформа құрылды, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Қазақстандық агенттік делегациясы "БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын имплементациялауды жеделдету" өңірлік конференциясына қатысты. Жиында Орталық Азия елдерінің антикор қызметтерінің басшылары өңірлік платформа құру туралы шешім қабылдады.
"Платформа өзара ақпарат алмасу және оқыту, білімді басқару, өңірлік жемқорлыққа қарсы саясаттың басымдықтарын келісу, техникалық көмектің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу үшін бірыңғай алаң болады", - дейді ведомство.
Кездесу барысында азаматтық қоғамның жемқорлыққа қарсы күреске қатысуы және талдамалық деректерді жинауда жаңа технологияларды пайдалану мәселелері талқыланды.
Конференция соңында қатысушылар 2024-2025 жылдарға арналған БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын жеделдетіп имплементациялау үшін өңірлік платформаның Жол картасын іске асыру жөніндегі жоспарға қол қойды.