АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Қазақстан үкіметінде "АрселорМиттал Теміртауды" сатып алатын инвестор таңдалды, бірақ оның кім екені әзірге құпия сақталады, деп хабарлады Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр.
"Қазір біз бұл компанияның атауын айта алмаймыз, өйткені келіссөз жүріп жатыр. Бұл құпия ақпарат. Сондықтан біз оны қазір жарияламаймыз. Бірақ бұл кәсіпорын компанияны нарықтық құны бойынша сатып алатын отандық инвестор болады", - деді Скляр.
Оның айтуынша, бірінші кезекте үкімет компанияның өнеркәсіптік қауіпсіздікке инвестиция салуын қадағалайды.
"Инвестор келеді, менің ойымша, ол кәсіпорын қайғылы оқиғаларды тудырған резонансты ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарымен ашық сөйлеседі. Олар БАҚ-қа ақпарат беруге, инвестицияны көрсетуге, өндірістегі нақты өзгерістерді көрсетуге міндеттеледі. Біз мұны қадағалап отырамыз", - деді премьер-министрдің орынбасары.
Бұған дейін Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов "АрселорМиттал" жаңа инвесторы кәсіпорынның тұрақты жұмысы үшін кемінде 3,3 млрд инвестиция салуға тиіс деп мәлімдеген болатын.
"Кем дегенде 1,3 миллиард долларды бірден салу керек. Кәсіпорындағы қазіргі жағдай өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек қауіпсіздігі, барлық жабдықты жаңғырту және өндірісті кеңейту мәселелерін дереу шешуді талап етеді", - деп атап өтті сол кезде министрлер кабинетінің басшысы.
Меншік құқығын берудің заңды рәсімдері 30 қарашада аяқталады. Үкімет бұдан кейін барлық ақпарат жұртшылыққа қолжетімді болады деп уәде берді.
Бұған дейін "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнының активтерін мемлекетке беру туралы келісімге 22 қазанда, яғни Костенко шахтасындағы қайғылы оқиғаға дейін қол қойылғаны хабарланған болатын. Бұл туралы үкімет брифингінде өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді.