АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Қазақстан мен Түркия екіжақты тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр, деп мәлімдеді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесуінде.
"Былтыр екіжақты тауар айналымы 54 пайызға өсіп, 6,3 миллиард доллар болды. Осы көрсеткішті 10 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Түркия – еліміздің негізгі төрт сауда серіктесінің бірі. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Елімізде түрік капиталының үлесі бар 4300-ден астам компания жұмыс істеп жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал Режеп Тайип Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитін жоғары деңгейде өткізгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін жеткізді.
"Биыл 6 ақпанда жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп провинциясының Нурдагы ауданында мектеп салу туралы шешіміңіз үшін тағы да алғысымды білдіремін. Бұл мектеп түрік-қазақ бауырластығының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын символдарының біріне айналады деп сенемін. Атажұртта маған және менің делегацияма көрсеткен құрметіңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін", – деді Түркия президенті.