Мирзиёев Израиль-Палестина қақтығысы бойынша ұйымның ұстанымын жариялауға шақырды

Гуманитарлық мақсатта бітімге келу керек
Sputnik
АСТАНА, 3 қараша - Sputnik. Астанада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Израиль-Палестина қақтығысы бойынша ортақ ұстанымды жариялауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жиын басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен ұйым төрағасы – Өзбекстан елінің басшысына сөз берді. Шавкат Мирзиёев Израиль-Палестина қақтығысы бойынша ұйымның ортақ ұстанымын жариялауға шақырды.

"Таяу Шығыстағы Палестина-Израиль қақтығысы бәрімізді қатты алаңдатып отыр. Ол жақта бейбіт тұрғандар арасында қаза болғандар мен жарақат алғандар күрт өсті. Әсіресе, балалар, әйелдер мен егде жастағы адамдар көп. Осы орайда екі тарапты шұғыл әскери қимылды тоқтатуға шақырамыз. Гуманитарлық мақсатта бітімге келу керек. Осы проблеманы шешудің әділ жолы - "екі халыққа екі мемлекет" ұстанымы. Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарларына сәйкес, Палестина халқы тәуелсіз мемлекет құруға құқылы. Біз ұйым шеңберінде әлемге осы мәселе бойынша бірауыздан келісілген түбегейлі ұстанымымызды жариялауымыз қажет", - деді Өзбекстан басшысы.

Айта кетері, мерейтойлық саммитке Түркия президенті Реджеп Ердоған, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев келді. Ұйымға бақылаушы мәртебесімен кірген Түрікменстаннан Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, ал Мажарстаннан осы елдің премьер-министрі Виктор Орбан қатысып отыр.
Астанада Түркі мемлекеттері ұйымның мерейтойлық саммиті басталды