АСТАНА, 3 қараша - Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанды ел іргесін бекемдеуімен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының меретойлық саммиті басталды. Оған бес елдің басшысы жиналды. Ақордада өтіп жатқан жиынды Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Жиын басында президент алдымен Түркия басшысы Реджеп Ердоғанға алғыс айтып, Түркияның құрылғанына 100 жыл толуымен құттықтады. Одан кейін Әзербайжан президенті мен осы елдің халқын ел іргесін бекемдеуімен құттықтады.
"Қадірлі Ильхам Әлиев мырзаны және бүкіл Әзербайжан халқын ел іргесін бекемдеуімен құттықтаймын. Сіздің еліңіз аумақтық тұтастығын қалпына келтіріп, дамудың жаңа тарихи дәуіріне қадам басты. Осы тарихи қадам Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына және Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сәйкес жүзеге асты", - деді Тоқаев.