Елорда тынысы

Астанада мажар ақыны Шандор Петефи атындағы көше ашылды

Шандор Петефи – венгр халқының ұлттық поэзиясының ең көрнекті өкілі және 1848-1849 жылдардағы революцияның белсенді қайраткерлерінің бірі
Sputnik
АСТАНА, 3 қараша - Sputnik. Ақын Шандор Петефидің есімімен аталған көшенің салтанатты ашылу рәсімі Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның Қазақстанға ресми сапары аясында өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға Венгрияның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Питер Сийярто, ҚР сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және елорда тұрғындары қатысты.
"Биыл Қазақстанда атақты венгр ақын Шандор Петефидің 200 жылдығы атап өтілді, ал бүгін біз оның құрметіне еліміздің бас қаласында көше ашу үшін бас қосып отырмыз. Бұл ортақ тарихи тамыры бар екі халық арасындағы достықтың тағы бір белгісі", – деп атап өтті Мұрат Нұртілеу.
Питер Сийярто өз кезегінде Қазақстанға көп жылғы ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.
"Қазақстан мен Венгрия – мәдениеті бай және тарихи ерекшеліктері ұқсас елдер, сондықтан біздің ынтымақтастығымыз бірінші кезекте өзара түсіністікке негізделген. Мұндай сенімді қарым-қатынас екі ел үшін де даму жолында жақсы қолдау болып саналады", – деді ол.
Ол сондай-ақ ақынның 1000-нан астам шығармасынан тұратын Шандор Петефидің жинағы қазақ тілінде жарияланатынын ерекше атап өтті.
Шандор Петефи – венгр халқының ұлттық поэзиясының ең көрнекті өкілі және 1848-1849 жылдардағы революцияның белсенді қайраткерлерінің бірі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Астана көшелерінің біріне мажар ақыны Шандор Петефи есімі берілетіні хабарланған болатын.
Астанадағы көшелердің біріне мажар ақынының аты беріледі – Тоқаев