АСТАНА, 2 қараша – Sputnik. Қазақстан жыл соңына дейін Рожковское кен орнында газ өндіруді бастауды жоспарлап отыр, деп хабарлады "ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Жоспарланған өндіріс көлемі жылына 1 миллиард текше метрге дейін жетеді.
"Біз Мажарстанның MOL ұлттық компаниясымен айтарлықтай жемісті жұмыс істеп жатырмыз. Ынтымақтастық бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. MOL компаниясымен бірге Батыс Қазақстан облысында орналасқан Рожковское кен орнын игеріп жатырмыз", - деді Мырзағалиев Ақордадағы кулуарда.
Оның айтуынша, кен орнын үш серіктес - ҚазМұнайГаз, MOL және Sinopec игеріп жатыр.
"Бұған дейінгі жылдарда ұңғымаларды бұрғылау және инфрақұрылымды дайындау жұмыстары жүргізілді. Биыл өндіріске шығуды жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін екі ай қалғанын ескерсек, көлем аз. Оның бір айы дайындық жұмыстарын аяқтауға кетеді. Рожковское кен орнында біз жылына 1 млрд текше метрге дейін газ өндіруді жоспарлап отырмыз", - деп атап өтті "ҚазМұнайГаз" басшысы.
Ұңғымалар кезең-кезеңімен іске қосылады. Жыл соңына дейін 13 миллион текше метр газ өндіру жоспарлануда, деді ол.