АСТАНА, 2 қараша - Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан премьер-министрімен шағын құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Келіссөздер кезінде саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса назар аударылды. Осы орайда Тоқаев екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.
“Құрметті премьер-министр мырза, ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз және Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет танытқаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ пен мажар ежелден туыстас халықтар екенін ерекше атап өтті. Екі елдің тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрі ұқсас.
“Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан елінде өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз. Тарихи тамырластық және тығыз байланыстар бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болды. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамуда. Бұған сіз, премьер-министр мырза, өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз бауырластығымызды, өзара тиімді қарым-қатынасты бұдан ары тереңдетуге мүдделіміз”, - деп атап көрсетті Тоқаев.
Президенттің ойынша, екі жақты сауда-саттықты 1 млрд долларға жеткізуге болады. Ол үшін нақты шараларды қолға алу қажет. Виктор Орбан да екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.
“Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді. Мажарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді. Сондай-ақ ықпалдастығымыздың, әсіресе экономикалық қатынастарымыздың әлеуеті зор”, – деп атап көрсетті Виктор Орбан.
Жиын соңында президент Мажарстанның премьер-басшысын I дәрежелі Достық орденімен марапаттады.